Әзербайжан парламентінің депутаты Азер Бадамовтың Ресей астанасындағы әуежайда ұсталуына байланысты Баку Мәскеуден ресми түсініктеме беруді талап етті. Әзербайжандық басылымдардың хабарлауынша, Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде Бадамовтың Мәскеу арқылы Астраханьға ұшып бара жатқанда Внуково әуежайында ұсталып, Астраханьға ұшатын рейске жіберілмегені туралы ақпаратты растаған. Ресейлік билік өкілдері Бадамовқа Ресейге кіруге тыйым салынғаны хабарлап, кейінірек оны Бакуге кері жөнелткен.
Гаджизаденің айтуынша, Ресей тарапы кіруге тыйым салу туралы шешімді алдын ала ескертпестен және түсіндірместен қабылдаған. Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі депутаттың Астраханьға Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің туғанына 102 жыл толуына арналған іс-шараға қатысатын делегация құрамында бара жатқанын айтты. Бұл сапар Астрахань облысы губернаторының орынбасары Денис Афанасьевтің шақыруымен ұйымдастырылған.
Гаджизаденің сөзінше, Ресей СІМ өкілі бұл мәселеге байланысты тергеу жүргізілетінін мәлімдеген, бірақ кіруге тыйым салу шешімінің себептері туралы ешқандай түсініктеме бермеген. Баку бұл әрекетті Ресей тарапынан достыққа жат қадам ретінде бағалап отыр.
Әзербайжандық 1news жаңалық агенттігі Бадамовқа Ресейге кіруге тыйым салынуына оның Ресей мемлекеттік думасының депутаты Николай Валуевке қатысты айтқан сөздері себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Бұған дейін Әзербайжан Валуевті "қара тізімег" енгізген. Себебі Валуев телеграм-арнасында Бакудегі "Орыс үйі" ұйымының жабылуына байланысты білдірген пікірінде әзербайжандарды қорлайтын сөз қолданған деген ақпарат тараған. Бұған жауап ретінде Бадамов Facebook парақшасында: "Егер орташа есеппен алғанда "тобырдың" өкілі қандай екенін суреттеп көрсету керек болса, Николай Валуевтің портреті оған ең жақсы мысал болады. Бұл тіршілік иесінің антропологиялық түріне қарап-ақ эволюцияның тұйыққа тірелген тармағының сирек кездесетін үлгісі екеніне көз жеткізуге болады", – деп жазған-ды.
Ақпан айының басында Әзербайжан билігі Бакудегі Россотрудничество өкілдігі – "Орыс үйі" жабылғанын мәлімдеді. Бұл оқиға Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері атып түсірген әзербайжандық жолаушы ұшағының апатынан кейін екі елдің қарым-қатынасы күрт суып кеткен шақта болған еді.
Жақында Әзербайжан парламентінің шетелдің килігуіне қарсы іс-әрекет жөніндегі комиссиясының төрағасы Рамид Намазов ақпан айында Әзербайжанның бірқатар басылымдарына жасалған кибершабуылға Мәскеумен байланысы бар Cozy Bear атты хакерлер тобын айыптады.
Бірқатар елдердің үкіметтері мен журналистік зерттеулер Cozy Bear хакерлер тобын Ресейдің сыртқы барлау қызметімен байланыстырады. Бұл топты бірнеше елдің мемлекеттік органдарына және инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға қатысы бар деп айыптаған. Әдетте Мәскеу ондай айыптауларға мән бермейді немесе оларды жоққа шығарады. Әзербайжан жағынан айтылған кейінгі айыптауларға да Ресей ешқандай түсініктеме берген жоқ.