Солтүстік Корея Ресейге шамамен 15 мың еңбек мигрантын жіберген. The Wall Street Journal және Reuters Оңтүстік Кореяның барлау қызметіне сүйеніп осылай деп хабарлады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянның ядролық бағдарламаларын қаржыландыруды шектеу мақсатында енгізген санкциялар Солтүстік Корея азаматтарын шетелде жұмысқа жалдауға тыйым салады.
"Настоящее Время" басылымы Ресейдің ресми статистика мәліметтеріне сүйене отырып, 2024 жылы Ресейге кеткен солтүстіккореялықтардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 есе артқан деп жазды.
Солтүстік Корея азаматтарының көбі Ресейге студенттік визамен барған. "Важные истории" сайты Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің мәліметіне сүйеніп, 2024 жылы Ресейге 7,8 мың солтүстіккореялық азамат оқуға барған деп хабарлады — бұл 2019 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. "Медиазона" сайты атап өткендей, Ресейге Солтүстік Кореядан барған студенттер саны 2024 жылдың үшінші тоқсанынан бастап өсе бастаған. Ал 2024 жылдың сәуірінде Ресейдің Білім және ғылым министрлігі елде 130-ге жуық солтүстіккореялық студент оқып жатыр деп хабарлаған еді.
Кей деректерде Солтүстік Корея азаматтарының көбі қазір Ресейдің Қиыр Шығыс өңірінде жұмыс істеп жүргені айтылады. Жергілікті жұмыс берушілер солтүстіккореялық жұмысшыларды төмен жалақыға, күніне 12 сағат және еңбек жағдайына шағынбай жұмыс істеуге келісетіндігі үшін бағалайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Солтүстік Корея Украинаға қарсы соғысуға әскер жібергенін мойындап, Путиннен мақтау естіді2024 жылдың ақпан айының басында Yonhap агенттігі де барлау мәліметтеріне сүйене отырып, Солтүстік Корея жұмыс күшіне зәру Ресейге мыңдаған жұмысшы жібергенін хабарлаған. Ресейдің еңбек министрлігінің деректері бойынша, 2030 жылға қарай елде жұмыс күшінің тапшылығы қазіргі 1,5 миллионмен салыстырғанда 2,4 миллион адамға дейін жетуі мүмкін.
Солтүстік Корея жұмысшылардан бөлек, Ресейге әскери қызметкерлері мен қару-жарағын да жіберіп жатыр. Оңтүстік Корея барлау қызметінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы Ресейге Украинаға қарсы соғысқа қатысуға 12 мың солтүстіккореялық сарбаз барған, ал биыл тағы 3 мың адам жіберілген. Сеулдің мәліметінше, Солтүстік Кореяның жалпы шығыны шамамен 4700 адам болған, соның ішінде қаза тапқаны – 600 адам. Бұл деректер ресми түрде жарияланбаған. 2025 жылдың сәуір айында Мәскеу мен Пхеньян Курск облысындағы соғыс қимылдарына солтүстіккореялық әскери қызметкерлер қатысқанын ресми түрде растады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оңтүстік Корея: Украинамен соғыста Солтүстік Кореяның 600 сарбазы қаза болған