Украина президенті Владимир Зеленский 7 мамыр кешке жасаған мәлімдемесінде атысты кемінде 30 күнге толық тоқтату туралы бұған дейін Киевтің Мәскеуге жасаған ұсынысы әлі күшінде екенін айтты.
"Біз дипломатияға мүмкіндік беретін бұл ұсынысымызды қайтып алған жоқпыз. Бірақ Ресей тарапынан әлем жауап көріп тұрған жоқ – жаңа шабуылдардан басқа ешқандай жауап жоқ", – деді Зеленский.
Украина президенті бұл мәлімдемені Мәскеу уақытымен 8 мамырға санаулы уақыт қалғанда жасады. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин жариялаған атысты тоқтату режимі 8 мамырдан күшіне енуі тиіс болатын. Путин үш күн бойы – 8, 9 және 10 мамыр күндері атысты тоқтату жөнінде бастамасын жариялаған еді. Осы күндері Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияның күйрегеніне биыл 80 жыл толуына байланысты Жеңіс күні атап өтіледі, ал 9 мамырда Мәскеуде өтетін әскери парадқа бірқатар шет мемлекеттердің басшылары қатысады деп жоспарланған.
Алайда Зеленский Путиннің бұл ұсынысын мағынасыз деп атап, оның орнына АҚШ наурызда ұсынғандай, атысты кемінде 30 күнге ешқандай шартсыз толық тоқтатуға шақырған.
Зеленский үндеуінде Ресей Украинаға 7 мамырда жасаған шабуылдарды еске салып, "Ресей аспанынан да күні бойы маза кеткені – өте әділ жайт болды" деді. Ол күн барысында Ресейдің түрлі аймағында украиналық дрондар байқалғаны туралы көптеп тараған хабарларды меңзеген сияқты. Дрон қаупіне байланысты Мәскеу мен өзге де қалаларда әуежайлар жұмысын уақытша доғарып, 300-ден астам рейс ұшқан жоқ я кейінге жылжытылды немесе басқа бағытпен ұшуға мәжбүр болды. Бұл жағдай ондаған мың жолаушыны әбігерге салды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейде дрондар шабуылына байланысты жүздеген рейс ұшпай қалдыМәскеу мэрі Сергей Собянин 7 мамырда күні бойы Ресей астанасына қарай ұшқан дрондарды әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері жойғанын хабарлап отырды – оның жазбаларына қарағанда, бір күнде әуеден 20-дан астам дрон атып түсірілген. Ресей қорғаныс министрлігі бір күнде жиынтығы 500-ден астам дронды жойғанын мәлімдеді. Ресейдің оннан астам өңірінің әуе кеңістігінде дрон байқалды, соның ішінде Вологда облысы да бар. Тула мен Саранск қалаларында қорғаныс кәсіпорындарына дрон шабуылдады – бұл ақпаратты Украина дереккөздері растады.
Киев Жеңіс күні, яғни 9 мамырда Ресей аумағына шабуыл жасайтынын тікелей айтқан жоқ. Алайда, Ресейдің бірқатар өңірінде мерекелік іс-шаралар кестесі қайта қаралып жатыр. Мәскеуде мобильді интернет пен ұялы байланыс шала-шарпы жұмыс істеп тұр.
Бұған қоса, президент Зеленский өз үндеуінде Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский оған Ресейдің Курск және Белгород облыстарындағы ұрыс қимылдары жайлы баяндағанын айтты. 7 мамырда ресейшіл әскери блогерлер украин сарбаздарының Курск облысына енуге тағы да талпыныс жасағанын хабарлады. Атап айтқанда, шекара маңындағы Тёткино елді мекенінде шайқастар жүріп жатқаны айтылды. Ол ұрыстар туралы Ресей де, Украина да егжей-тегжейлі ресми мәлімет берген жоқ.