Accessibility links

"Агрессияның жегі құрты дендеген шақта" Астанада әскери шеру өтті


Қазақстан 5 жыл үзілістен соң әскери шеру өткізді. Неге?
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:05 0:00

Қазақстан 5 жыл үзілістен соң әскери шеру өткізді. Неге?

Астанада Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай әскери парад өтті. Бұл - Қазақстанда бес жыл үзілістен соң болған алғашқы шеру.

"ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРІНІҢ АЙБЫНЫН КӨРСЕТУ"

Парад басында сөз алған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазір "агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеген тұста" "соғыстың қасіретін барша азаматтың түсінгені аса маңызды" деп мәлімдеді.

- Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы – бейбіт халық. "Жаным – арымның садағасы" деген өр намысты, айбарлы ел", - деді Тоқаев.

Ақорда парад "майдангерлердің ерлігіне тағыз етуді, Қазақстан әскерінің бүгінгі күш-айбынын көрсетуді көздейді" деп мәлімдеді.

Астанадағы әскери шеру. 7 мамыр 2025 жыл.
Астанадағы әскери шеру. 7 мамыр 2025 жыл.

Биліктің мәліметінше, парадқа 4 мыңнан аса әскери қызметкер, 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшақ қатысты.

Шеруде "Бук", "Тор" зенитті-ракета кешендері, "Барыс", "Алан", "Айбар", "Таймас", "Террекс" дөңгелекті ұрыс машиналары, минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнайы автокөліктер көрсетілді.

Қазақстанда жасалған ұрыс машиналары, роботтандырылған қайық пен дрондар таныстырылды. Әуе кеңістігінен А-400 әскери-көлік ұшағы, L-410 жолаушылар ұшағы және Би-300 патруль ұшағы ұшып өтті.

Қазақстан 2019 жылдан бері 9 мамыр мерекесіне орай әскери парад өткізбеген еді. Бұған коронавирус пандемиясы мен үкіметтің ақша үнемдеу саясаты себеп болған. Қорғаныс министрлігі биылғы парадқа 2,5 миллиард теңге кететінін айтқан еді.

"МӘҢГІЛІК ПОЛКҚА" ФОРМАТЫНДАҒЫ ШЕРУ ӨТПЕК

Астанадағы әскери парадта Тоқаев 9 мамырда елде "Батырларға тағзым" шеруі де өтетінін мәлімдеді. Бұл - Ресейдегі "Мәңгілік полк" форматындағы шара. Шеруге Алматы әкімдігі рұқсат берген. Бұған қоса, марш Семейде де өтеді.

Шара кезінде жұрт Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жақындарының фотосын алып жүреді.

Қазақстанда "Батырларға тағзым" 2022 жылы өткен еді, одан кейін бұл шараға рұқсат етілмеген. Алматы әкімдігі соңғы сәтте ғана маршты өткізуге рұқсат берді. Қазақстанның басқа аймақтарында "Мәңгілік полк" форматындағы акцияға рұқсат етілмеді немесе онлайн форматта өтеді.

Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы басталған соң Қазақстанда "Мәңгілік полк" шарасына деген көзқарас өзгерді. Қазақстандықтардың көбі бұл маршты Ресейдің жеңіс культін агрессиялық саясатымен ұштастырып пайдаланады деп қабылдай бастады. Елде шараға қарсылық туындаған тұста Қазақстан бұл маршты өткізуге рұқсат бермеді.

Алматыда 2019 жылы 9 мамырда болған "Мәңгілік полк" маршы.
Алматыда 2019 жылы 9 мамырда болған "Мәңгілік полк" маршы.

Бұған қоса, Қазақстан шерудің атауы өзгеріп, георгиев лентасының орнына Қазақстан туымен түстес әрі ою-өрнек бейнеленген лента қолдана бастады.

Ал биыл "Мәңгілік полк" шарасы қарсаңында Қазақстандағы танымал адамдардың видеосымен дипфейктер пайда болды. Жасанды интеллектпен жасалған жалған видеоларда танымал тұлғалар жұртты маршқа "шақырады".

Совет одағының нацистік Германияны Екінші дүниежүзілік соғыста жеңгеніне орай аталып өтілетін 9 мамыр – Ресейде 1991 жылдан бергі ең басты мереке. Мәскеу Жеңіс күні мерекесі мен "Мәңгілік полк" шеруін пропагандасына пайдаланатыны жиі айтылады.

Биыл да Ресей Мәскеуде әскери парад өткізбек. Бұл шараға Қазақстан президенті Тоқаев баратыны айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG